Биыл I тоқсанда Ақтау битум зауытында («CASPI BITUM» БК» ЖШС) өндіріс қарқыны төмендеді. Кәсіпорын шамамен 29,5 мың тонна өнім өндірді, жоспар – 100 мың тонна. ҚР Энергетика және көлік министрліктері бекіткен автожол жобаларын жол битумымен қамтамасыз ету жөніндегі 2024 жылға арналған жол картасында көзделген битумды қыс маусымында дайындау толық көлемде орындалмады. Себебі – жол-құрылыс ұйымдарынан өтінімдердің болмауы, зауыттан дайын өнімді дер кезінде әкетпеуі және жол-құрылыс ұйымдары тарапынан жүк тасымалдаушыларға уақтылы ақы төлемеуі.
Зауыт өңдеу үшін пайдаланатын Қаражанбас кен орнының мұнайы жоғары сапалы жол битумын өндіруге мүмкіндік береді. Өнім сапасын бақылау бірнеше сатыны қамтиды. Біріншісі – ЭЛТҚ-АВҚ, тотығу және модификациялау цехындағы технологиялық процесті талдамалық бақылау. Екіншісі – резервуардағы битумды құжаттау. Үшіншісі – арбитражды үлгілерді таңдау және жөнелту кезінде оларды сақтау. Кәсіпорын пайдалануға берілген сәттен бері битум үлгілері «ҚаздорҒЗИ» АҚ аккредиттелген зертханасында үнемі тексеріліп отырады. Сондай-ақ 2021 жылдан бастап зауыт өнімдерін жол активтері сапасының ұлттық орталығын ай сайын бағалайды.
Былтыр ҚР Энергетика министрлігінің ведомствоаралық жұмыс тобы «CASPI BITUM» компаниясында болды. Сапар барысында сынамалар алынып, алдымен зауыт зертханасында, одан кейін Жол активтері сапасының ұлттық орталығы зертханасында талданды. Жүргізілген зерттеулер Ақтау зауытында өндірілетін битум қазақстандық стандартқа толық сәйкес келетінін көрсетті.
Жалпы, Ақтау битум зауыты өнімді уақтылы жөнелте отырып, жыл бойына ең жоғары өнімділікпен жұмыс істеуге дайын. Ол үшін кәсіпорында барлық жағдай жасалған. Зауыттың қуаты жылына 500 мың тонна битум (айына 50 мың) болғанымен, ол 110% өнімділігімен жылына 550 мың тоннаға дейін битум өндіруге қауқарлы.
Анықтама:
Ақтау битум зауыты Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуын жеделдету жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында салынды.
«CASPI BITUM» БК» ЖШС қатысушылары: «ҚазМұнайГаз»ҰК АҚ - 50,0%, «CITIC Kazakhstan» ЖШС - 50,0%.
«CASPI BITUM» БК» ЖШС - елімізде битум өндіре алатын жалғыз мұнай өңдеу зауыты. Зауыт «Каражанбас» кен орнының ауыр, шайырлы, күкіртті мұнайын өңдейді. Бұл – Қазақстанда теңдесі жоқ инновациялық өнім - қышқылданған жол битумы мен модификацияланған битум өндірісіне бағытталған жалғыз мұнай өңдеу зауыты.
Каражанбас кен орнының мұнайы битум өндірісі үшін мінсіз шикізат болып есептеледі. Құрамында асфальтты-шайырлы заттары жоғары Қаражанбас ауыр мұнайы жоғары сапалы жол битумы өндірілетін гудронды өндіру үшін өте қолайлы. Ақтау битум зауытына шикізатты бүгінде тек «Каражанбасмұнай» АҚ ғана жеткізеді.
Зауыттың жобалық жылдық қуаты – мұнай өңдеу бойынша 1 млн тонна, тотыққан битум өндіру бойынша 500 мың тонна және модификацияланған битум өндіру бойынша 120 мың тонна. 2025 жылдан бастап зауыттың мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 млн. тоннаға дейін арттыру жоспарлануда.