Өткен жылдан бері күллі адамзат, соның ішінде біздің еліміз де дүниежүзін
жайлаған коронавирус індетімен күресіп келеді. COVID-19 және карантин шаралары
әлемдік экономиканы дүр сілкіндіріп, барлық мемлекеттерді қыспаққа алды.
Қазақстан бұл қатерге тегеуірінді тойтарыс бере білді. Ел басшылығы азаматтардың денсаулығын сақтау және ұлттық экономиканы қолдау үшін шұғыл
әрі батыл іс-әрекет жасап жатыр.
Дегенмен әлі де босаңсуға болмайды. Індеттің беті қайтқан жоқ. Біз қызметкерлерімізді осынау қауіпті аурудан қорғау үшін бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Өйткені, жұмыскерлер біздің басты байлығымыз болып табылады. Бұл ретте қазір вакцина алу мәселесі алдыңғы қатарға шығып отыр. Бүгінде бұл пандемияны жеңудің жалғыз жолы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет айтып өткендей, жаппай вакцинациялаудың басқа баламасы жоқ.
Қазірдің өзінде халықтың жартысынан көбі вакцина алған елдерде, мысалы, Израиль мен Ұлыбританияда, коронавирусты жұқтыру мен өлім-жітімнің күрт төмендегенін байқауға болады. Ал керісінше вакцинациялау науқаны қарқын алмаған мемлекеттерде вирус түрленіп, оның бұдан да қауіпті жаңа штамдары тарап жатыр. Елімізде мұндай жағдайға жол бермеудің жалғыз амалы – тез арада ұжымдық иммунитетті қалыптастыру.
Ел тарихындағы шешуші кезеңде мен әрқайсыңызды барынша парасаттылық танытып, вакцина алуға шақырамын. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Сіздердің таңдауыңызға отандық QazVac, ресейлік Спутник-V немесе қытайдың Hayat-Vax вакцинасы ұсынылып отыр. Өздеріңіз қалаған екпені тұрғылықты жеріңіз бойынша емханада немесе «ҚазМұнайГаз» компаниясының өндірістік және әкімшілік нысандарында алуға болады.
Бүгінгі таңда вакцинаны 8 мыңға жуық әріптесіміз салдырды. Өзім де және ұлттық компанияның басқа басшылары да екпені салдырдық. Осы орайда, вакцина алған қызметкерлер ПТР тестісін тапсырмай, кен орындар мен жұмыс кеңселеріне еш кедергісіз кіре алатынын ерекше атап өтім келеді.
Мен Сіздерден өзіңіздің және отбасыңыздың, әріптестеріңіз бен отандастарыңыздың қауіпсіздігін ойлап, азаматтық ұстанымды танытуды сұраймын. Пандемияны неғұрлым тезірек тізе бүктірсек, соғұрлым тез қалыпты өмірге ораламыз.
Барлық қиындықты бірге еңсеріп, кемел келешекке аяқ басатынымызға сенімім кәміл!
Құрметпен,
Алик
Айдарбаев